Ақтөбеде қоқыс алаңынан қытай сөмкесіне жасырылған ер адамның мәйіті табылды



















Ақтөбеде қоқыс алаңынан ер адамның мәйіті табылды. Мәйіт үлкен қытай сөмкесіне жасырылған.
Оқиға мектеп №38 ауданындағы қоқыс алаңында болған. Жергілікті аула сыпырушының айтуынша, күмәнді баул бірнеше күн бойы контейнерлердің арасында жатып, өткір иіс шығарған.
70 жастағы Болат Жұмағалиевтің сөзінше, ол жақын маңдағы аулаларды тазалап жүріп, күмәнді сөмкені бірнеше күн бұрын байқаған.
«Ол кеше күнге дейін осында жатты. Одан қорқынышты иіс шықты. Әрине, мәйіт ыдырап кеткен сияқты. Біз әйелім екеуміз осы маңда тұрамыз және осында аула сыпырушы болып жұмыс істейміз. Мен сөмкенің ішіне қарағым келген, бірақ сасық иістен жақындамадым. Ішінде ет шіріп кеткен шығар деп ойладым. Ал кеше мұнда полиция тұрды, ешкімді жақындатпады. Сөйтсем, сөмкенің ішінде адамның мәйіті болыпты», — деді Болат Жұмағалиев.
Оның айтуынша, сөмке осы бастырманың астында жатқан.
Полиция мәйіттің табылғанын растады. Ресми мәлімет бойынша, қоқыс алаңынан 55 жастағы ер адамның мәйіті анықталған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтіні айтылды.
Сондай-ақ Ақтөбе тұрғындарына жалған ақпарат таратпау туралы ескерту жасалды.


