ШҚО-дағы «КАЖсервис» филиалының бұрынғы директоры ақша жымқырғаны үшін сотталды

Шығыс Қазақстан облысындағы «КАЖсервис» ЖШС филиалында 2024 жылы іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарды жұмысқа рәсімдеу арқылы қаражатты заңсыз шығару фактілері анықталды.
Тексеру барысында филиалда нақты жұмыс атқармаған тұлғаларға жалақы есептеліп, осы қаражаттың заңсыз шығарылғаны белгілі болды. Қызметтік тексеруден кейін материалдар Антикоррупциялық қызметке жолданған.
Тергеу бұл іске филиалдың бұрынғы директорының қатысы барын анықтап, іс сотқа жіберілді.
2025 жылғы желтоқсанда Өскемендегі сот оны кінәлі деп танып, 2 жыл 9 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда кейін прокуратураның наразылығы бойынша жаза 3 жыл 6 айға дейін қатаңдатылды.
Сондай-ақ одан 6,7 миллион теңге көлеміндегі залал өндірілді. Қаражаттың толық көлемде қайтарылғаны хабарланды.
Компанияда сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік саясаты ұстанылатыны және ішкі бақылау күшейтіліп жатқаны айтылды.
Бұған дейін Астана — Щучинск тасжолындағы жабық дәретханаға байланысты филиал директорының жұмыстан босатылғаны туралы хабарланған болатын.
Сондай-ақ: Қазақстанда жол құрылысы кезінде миллиардтаған заңбұзушылықтар анықталғаны айтылды.


