Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне шарттар қойды: санкцияларды кепілді түрде алып тастау талап етіледі

Иран Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда рұқсат беруге дайын екенін мәлімдеді. Мәлімдемеде алдын ала талаптардың қатарында санкцияларды кепілді түрде алып тастау, америкалық базаларды жабу, мұздатылған (ирандық — ред.) активтерді бұғаттан шығару және доллардан өзге валюталарда сауданы дамыту бар екені айтылған.
Тегеран бұған дейін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясына қатыспайтын мемлекеттердің кейбір кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге мүмкіндік бергенін хабарлаған.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи бұғаздың жабық емес екенін, алайда кеме қатынасы тек белгілі бір шарттармен жүзеге асатынын атап өтті. Ол бұл шарттардың мәнін нақтыламады.
Бұған дейін жоғары лауазымды ирандық шенеунік CNN-ге Тегеран мұнай танкерлерін Ормуз бұғазы арқылы шектеулі түрде өткізу мүмкіндігін қарастырып отырғанын, бірақ олардың жүгі қытай юанімен саудалануы тиіс екенін айтқан. Сонымен қатар Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ пен Израиль елшілерін елден шығару бұғаз арқылы өтуді қалайтын елдердің кемелері үшін шарт екенін мәлімдеген.
Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы және сұйытылған табиғи газдың әлемдік жеткізілімдерінің 30 пайызына дейін өтеді. Осы себепті ол планетаның ең маңызды энергетикалық артериясы ретінде аталады.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын іс жүзінде тоқтатты. Осы жағдай аясында әлемде энергия тасымалдаушылар бағасы күрт өсті: әсіресе Парсы шығанағы елдерінен жанармай таситын танкерлер тасымалды жүзеге асыра алмай отыр. Аймақтағы кейбір мұнай компаниялары форс-мажор жариялауға мәжбүр болған.


