Түркістан облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз иемдену фактілері анықталды

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу және жұмсау фактілерін анықтады.
Тексеру кезінде консультациялық-диагностикалық қызметтердің сапасыз және тиісінше көрсетілмеген жағдайлары, соның ішінде лицензиясыз қызмет көрсету деректері тіркелді.
Атап айтқанда, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз 28 мыңнан астам «офтальмолог», «гастроэнтеролог», «аллерголог», «уролог», «психиатр», «гематолог», «генетик», «тамыр хирургі», «нейрохирург», нефролог», «инфекционист», «невропатолог», «эндокринолог», «хирург», «кардиолог», «фтизиатр», «рентгенолог», «ревматолог», «онколог» консультациялары көрсетілген. Бұл қызметтердің жалпы сомасы 91 млн теңгені құраған.
Аталған факт бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеп-тексеруді аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген. Тергеу нәтижесінде іс залалдың толық өтелуіне байланысты ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.
Сонымен қатар, 203 млн теңгеге стоматологиялық қызметтерді «қосып жазу» фактілері анықталды.
Екі аффилирленген клиника өздерінде формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілген деген жалған 40 мың стоматологиялық қызметті енгізген.
Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезетте ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» туралы деректер де анықталған.
Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған сауалнамалар мұндай мәліметтердің жалған екенін растады.
Көрсетілген фактілер бойынша арнайы прокурорлар ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдарды сотқа жолдады.
Сілтеме:
https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-turkestan/press/news/details/1201061?lang=ru
🌐 https://t.me/GenPr
Facebook | Instagram | YouTube | Сайт ГП


