Атырауда отбасылық жанжал кезінде 58 жастағы мұғалім әйел қаза тапты

Атырауда отбасылық жанжал кезінде 58 жастағы әйел адам қаза тапты. Марқұм қаладағы мектеп-лицейлердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.
Қайғылы оқиға 16 наурызға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, педагог пен оның жұбайы арасында тұрмыстық жанжал туындап, соның салдарынан әйел адам пышақтан алған ауыр жарақаттардан көз жұмған. Қылмыс жасады деген күдік 62 жастағы күйеуіне түсті.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға туралы хабар құқық қорғау органдарына шамамен 03:30-да түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жағдайдың отбасылық жанжалдың нәтижесінде болғанын анықтаған.
Күдікті ұсталды. Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын атап өтті. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат әзірге жарияланбайды.


