Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Президент Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Құттықтауында Мемлекет басшысы Ораза айттың барлық мұсылман қауымы үшін ерекше әрі қасиетті мереке екенін атап өтіп, оның рухани тазару мен кемелденуді, өзара құрмет пен ынтымақты, қарапайымдылық пен ұстамдылықты, мейірімділік пен ізгілікті білдіретінін айтты.
Президенттің сөзінше, отыз күндік оразаны ұстау арқылы діндар жандар өзімен және әлеммен үйлесім табады, рух беріктігін нығайтады, айналасындағылармен өмір қуанышын бөліседі және мұқтаж жандарға көмек қолын созады.
Ол бұл қағидаттар исламның шынайы мәнін көрсетіп, қоғамымыздың негізін құрайтын жоғары адамгершілік құндылықтар мен гуманистік идеалдардың орнығуына қызмет ететінін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл Ораза айттың Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуін символдық мәні бар оқиға ретінде атап өтіп, бұл ел дамуының жаңа тарихи кезеңін білдіретінін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Жаңа Конституцияны қабылдап, жарқын болашаққа, Әділет пен Прогреске бағытталған шешімді таңдау жасады. Президент бұл халық еркінің жасампаз актісі тәуелсіз мемлекетіміздің шежіресінде жаңа бастау нүктесіне айналатынын мәлімдеді.
Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға зор денсаулық, бақыт пен береке тілеп, «Ораза айт қабыл болсын!» деді.


