Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының ресми ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының (ADF) ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Бұл туралы жұма күні, 17 сәуірде, Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты іс-шара барысында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз сөйледі.



Форум жұмысына сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Аль Тани, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, Молдова Президенті Майя Санду, Сирия Президенті Ахмед Аш-Шараа, Бурунди Президенті Эварист Ндайишимие, Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди, Босния және Герцеговина Президиумы төрағасы Денис Бечирович, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе және өзге де делегация басшылары қатысып отыр.
Анталия дипломатиялық форумы — жоғары деңгейдегі жыл сайынғы халықаралық пікірталас алаңы. Іс-шара саяси көшбасшыларды, дипломаттарды, сарапшыларды, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдерін біріктіреді.




Форум сондай-ақ екіжақты және көпжақты байланыстар, саяси консультациялар және бейресми дипломатия үшін тиімді платформа ретінде қызмет етеді.
ADF аясында Қазақстан Президенті бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйымдар өкілдерімен жылы әңгімелесті.

Мемлекет басшысы Ердоғанның шақыруымен Түркияда жұмыс сапарымен жүр. Бұған дейін Тоқаевтың Анталия дипломатиялық форумының ашылуына қатысып, панельдік сессияда сөз сөйлеумен қатар, бірқатар екіжақты кездесулер өткізуді жоспарлағаны хабарланған.


