Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгіме басында екі ел Президенті Ораза айт пен Наурыз мерекесіне орай жылы лебіз білдіріп, құттықтаулар алмасты.
Сондай-ақ Түркия көшбасшысы Мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
Сұхбат барысында Режеп Тайип Ердоған 14 мамырға жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапардың, сондай-ақ оның аясында өтетін Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі кеңес отырысының және Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы бейресми саммитінің ерекше маңызын атап өтті. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі алдағы келіссөздердің екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту үшін маңызды екенін айтып, Түркістанда өтетін саммиттің табысты өтуіне үміт білдірді.
Бұдан бөлек, Түркия Президенті Мемлекет басшысын сәуір айында Антальяда өтетін Дипломатиялық форумға қатысуға шақырды. Шақыру ризашылықпен қабылданды.
https://t.me/chinovnik_kz


