Қасым-Жомарт Тоқаев 17 сәуірде Түркияға жұмыс сапарымен барады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға жұмыс сапарымен барады.
Сапар 17 сәуірде өтеді. Қазақстан Президенті Анталия дипломатиялық форумының ашылуына қатысып, панельдік сессияда сөз сөйлейді. Сонымен қатар, бірқатар екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.
Антальядағы форум — жыл сайын өтетін жоғары деңгейдегі халықаралық пікірталас алаңы. Оған саяси көшбасшылар, дипломаттар, сарапшылар, бизнес, медиа және азаматтық қоғам өкілдері қатысады.
Еске салайық, 15 сәуірде Тоқаев Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазды қабылдаған болатын. Түркия вице-президенті көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрік көшбасшысының жылы лебізін жеткізді. Оның айтуынша, Ердоған Қазақстанға алдағы сапарына және Түркістанда өтетін ОТГ-ның бейресми саммитіне қатысуына ерекше мән береді.


