Жетісу облысында құтқару жұмыстары кезінде ТЖД қызметкері қаза тапты

Жетісу облысында қызметтік міндетін атқару кезінде құтқару жұмыстарына қатысқан ТЖД қызметкері қаза тапты.
Не болды Жетісу облысы ТЖД мәліметінше, 7 наурызда Алматы облысындағы Алтынкөл көлінде мұз жарылып, бөлініп кеткен мұздың үстінде балықшы қалып қойған. Мұз кесегі көлдің ортасына қарай жылжып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар барған.
Құтқару жұмыстары кезінде мұз қайта жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөліміне қарасты өрт сөндіру бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімшесі қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапқаны хабарланды.
Тергеу жүргізіліп жатыр Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Астанада журналистермен өткен брифингте оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, себептерді ведомство қызметкерлері анықтайды, содан кейін бұзушылықтардың болған-болмағаны белгілі болады. Вице-министрдің айтуынша, Таранов мұз үстімен құтқаруға барған кезде мұз опырылып кеткен, ал зардап шеккен адам да, өкінішке қарай, суға батып кеткен.
Сондай-ақ Кеген Тұрсынбаев марқұмның отбасына заңнамаға сәйкес көмек көрсетілетінін атап өтті.
Қаза тапқан қызметкер туралы Дамир Таранов 1994 жылы туған. Ол азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына түсуден бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарып, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласының (қазіргі Қонаев) өрт бөлімшелерінде жауапты лауазымдарда болған.
Соңғы жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданының №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, тәжірибелі маман әрі сауатты басшы ретінде танылғаны, әріптестерінің құрметіне ие болғаны айтылды.
Дамир Тарановтың артында жұбайы мен екі баласы қалды.


