Тоқаев маслихат депутаттарының форумында «шапкозакидательдік көңіл күйден» бас тартуға шақырды



















**ІІІ республикалық маслихат депутаттары форумында** Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген нәтижелермен шектелмеуге және «шапкозакидательдік көңіл күйден» бас тартуға шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, **2025 жылдың қорытындысы бойынша** Қазақстан адам капиталының жаһандық бағалауында өз позициясын айтарлықтай нығайтып, **160-тан астам елдің ішінде 42-орынға** көтерілді.
Президент соңғы жылдардағы ауқымды мемлекеттік инвестициялар нақты нәтиже беріп, стратегиялық әсерін көрсете бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, аталған индекстегі өсім мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді логикаға сүйеніп, дұрыс басымдықтарды таңдағанын көрсетеді. Ол басымдықтар ретінде:
- ұлт денсаулығын нығайту;
- білім сапасын арттыру;
- балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту;
- ғылым, мәдениет және спортты қолдау;
- озық инновациялар, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу;
- қолайлы әлеуметтік және кәсіпкерлік орта қалыптастыруды атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет осы және өзге де салаларды жүйелі түрде дамытып отырғанын, ал азаматтардың әлеуеті прогрестің негізгі қозғаушы күшіне айналатын бағыттың «іргелі таңдау» екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа дәуірде өз азаматтарының болашағына инвестиция салатын мемлекеттер ғана ұтады.
Президент жұмыс кеңестерінде, Үкімет отырыстарында және еңбек ұжымдары алдында сөйлеген сайын «шапкозакидательдік көңіл күйден» бас тартуға, жеткен нәтижемен тоқтап қалмауға, барлық мәселені ашық айтып, оларды шешудің жолын бірлесіп іздеуге және өз алдына жоғары мақсат қоюға үндейтінін жеткізді. Ол нақты табысқа тек осылай жетуге болатынын айтты.
Сондай-ақ Астанада өткен форумда Мемлекет басшысы **маслихат төрағаларын тұрақты ротациялау** туралы жариялап, **акиматтардағы «иждивеншілік көңіл күй»** жөнінде пікір білдірді.


