Шалқарда түнгі жанжалдан кейін 17 жастағы жасөспірім қаза тапты

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 20 наурызға қараған түні жастар арасында болған жанжал салдарынан 17 жастағы жасөспірім қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, жас адамдар тобы арасында жаппай төбелес болған. Әлеуметтік желілерде жанжал кезінде пышақ пен атыс қаруы қолданылуы мүмкін деген ақпарат тарағанымен, бұл деректер ресми түрде расталған жоқ.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, жастар қатысқан жанжал фактісі бойынша, оның салдарынан қатысушылардың бірі көз жұмғандықтан, қылмыстық іс қозғалды. Жанжалға қатысқан барлық адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Полиция өкілдері барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін, ал тергеу барысы полиция департаменті бастығының бақылауында екенін айтты.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.


