Қазақстан ІІМ Венада өткен интернет-алаяқтыққа қарсы жаһандық саммитке қатысты

🌍 Қазақстан Республикасының ІІМ Венада өткен интернет-алаяқтыққа қарсы жаһандық саммитке қатысты
16–17 наурызда Вена қаласында (Австрия Республикасы) БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Интерполмен бірлесіп ұйымдастырған интернет-алаяқтыққа қарсы Жаһандық саммит өтті.
Іс-шараға 130-дан астам мемлекеттің өкілдері, 17-ден астам министр, сондай-ақ 40-тан астам халықаралық компания мен ұйым қатысты.
Қазақстан атынан саммит жұмысына Қазақстан Республикасы ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері қатысты.
Саммиттің негізгі мақсаты — соңғы жылдары трансұлттық сипаты айқындалып, ұйымдасқан қылмыстық топтар тарапынан белсенді қолданылып жүрген алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Қатысушылар интернет-алаяқтықтың заманауи үрдістерін, қылмыстық схемаларға қарсы іс-қимыл шараларын, сондай-ақ құқық қорғау органдарының халықаралық ұйымдармен және жеке сектор өкілдерімен өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру, алаяқтық схемаларды анықтаудың заманауи технологияларын енгізу және киберқылмысқа қарсы күресте мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру мәселелері қаралды.
Қазақстан тарапынан қатысу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және алаяқтық пен киберқылмыстың өзге де түрлеріне қарсы бірлескен шараларды әзірлеуге бағытталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті халықаралық өзара іс-қимылды дамыту, тергеудің заманауи әдістерін енгізу және цифрлық ортада қылмыстың алдын алу тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырып келеді.
📱 POLISIA.KZ


