Иран әскері Израильдегі Ашдод пен Хайфадағы мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасағанын мәлімдеді

Иран әскері Израильдің Ашдод және Хайфа қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) хабарлады.
КСИР мәлімдемесінде Хайфа мен Ашдодтағы МӨЗ-дерге жоғары дәлдіктегі зымырандармен соққы жасалғаны айтылған. Онда аталған нысандар «сионистік режимнің мұнай өңдеудегі ең ірі кешендері» ретінде сипатталған.
КСИР бұл соққыларды АҚШ пен Израильге қарсы «Шынайы уәде 4» операциясы аясындағы 65-ші соққы толқыны деп атады. Сонымен қатар Израиль аумағындағы ондаған әскери нысанға шабуыл жасалғаны мәлімделді.
КСИР дерегінше, Израильдің оңтүстігі мен орталық бөлігіндегі 80 түрлі әскери нысан, оның ішінде Ришон-ле-Цион қаласының маңындағы нысандар, сондай-ақ Тель-Авивтің шығысы мен оңтүстігіндегі объектілер зымыран жүйелері мен ұшқышсыз аппараттар арқылы дәл соққымен зақымдалған.
Сондай-ақ КСИР Израильдің «стратегиялық нысандарына» соққы жасалғанын мәлімдеді. Олардың қатарында Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайы, Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрлігі, Тель-Авивтегі Израильдің 13-арнасының кеңсесі, сондай-ақ Израильдің құрлық әскерлерімен байланысты нысандар аталды.
Мәлімдемеде соққылардың ұшқышсыз аппараттар мен зымырандар арқылы жасалғаны көрсетілген.
Иран АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған шабуылға жауап ретінде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери нысандарына және Израиль аумағына соққы беріп жатқанын мәлімдеді. Қақтығыстың алғашқы күні — 28 ақпанда — Иранның оңтүстігіндегі қыздар мектебі соққыға ұшырап, жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаны айтылды.
Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Ираванидің дерегіне сәйкес, шабуыл құрбандарының жалпы саны қазірдің өзінде 1,3 мыңнан астам бейбіт тұрғынды құрайды, 17 мыңнан астам адам жараланған.


