Луизианада лаостық Жаңа жыл шеруі кезінде мас жүргізуші адамдарды қағып кетті: кемінде 13 адам ауруханаға жеткізілді

Луизиана штатында лаостық Жаңа жылға арналған парад кезінде мас жүргізуші адамдарды қағып кетті. Оқиға салдарынан кемінде 13 адам ауруханаға жатқызылды.
Полиция мәліметінше, көлік Нью-Иберия қаласында екі көшенің қиылысында адамдарды қағып өткен. Бұл туралы Иберия округі шерифі кеңсесі хабарлады.
Жекеменшік жедел жәрдем қызметі X әлеуметтік желісінде 11 зардап шегуші жерүсті көлігімен ауруханаларға жеткізілгенін, тағы екеуі әуе арқылы тасымалданғанын мәлімдеді.
Оқиғадан кейін көп ұзамай 57 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Луизиана штатының полициясы оның жеке басын анықтап, ер адамды Иберия округінің түрмесіне қамады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, оның бойынан алкогольдік масаңдық белгілері байқалған.
Оған:
- мас күйінде көлік басқару,
- бірінші дәрежелі абайсызда зиян келтіру,
- абайсыз жүргізу,
- көлікте алкоголь салынған ашық ыдысты сақтау
бойынша айып тағылды.
Иберия округі шерифі кеңсесі алдын ала тергеу деректеріне сүйене отырып, оқиғаның қасақана сипатта болмағанын атап өтті.
Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғадан кейін фестиваль ұйымдастырушылары сенбі күні кешкі музыкалық бағдарламаны тоқтатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жексенбі күні фестиваль жоспарланған діни іс-шараларды қайта жалғастырады, ал сауда нүктелері қажетті қауіпсіздік шаралары қалпына келтірілген жағдайда ашылады.


