Иран Ормуз бұғазы арқылы Ирактың кеме қатынасына қойылған шектеулерді алып тастады

Иран билігі Иракты (ОПЕК-тегі мұнай өндіру көлемі бойынша екінші орын) Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерден босатты. Бұл туралы ирандық әскери өкіл араб тіліндегі видеоүндеуінде мәлімдеді.
«Бауырымыз Ирак Ормуз бұғазында біз енгізген кез келген шектеулерден босатылды», — делінген мәлімдемеде.
Жарияланымда бұл шешім Ирак мұнайының экспорттық жеткізілім көлемін тәулігіне үш миллион баррельге дейін ұлғайтуы мүмкін екені айтылған. Дегенмен практикалық әсері тәуекелдер сақталған жағдайда кеме компанияларының бұғазға кіруге дайындығына байланысты болатыны көрсетілген.
Сондай-ақ, жеңілдік Ирактың бүкіл экспортына ма, әлде тек ел туы астындағы кемелерге ғана ма қатысты екені және оның қалай іске асырылатыны әзірге белгісіз екені атап өтілген.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында трафик біртіндеп қалпына келе бастағанымен, ол соғысқа дейінгі деңгейден айтарлықтай төмен күйінде қалып отыр. Соғысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен бестен бірі өткен.
Соғыстың алғашқы апталарында Ирак және Парсы шығанағындағы басқа да негізгі мұнай өндірушілер өндіру көлемін күрт қысқартуға мәжбүр болды, өйткені негізгі экспорт бағыты жабылып, мұнай сақтайтын резервуарлар шегіне дейін толған.
Наурыз айында Ирак мұнайының экспорты шамамен 97 пайызға төмендеп, тәулігіне 99 мың баррельге дейін түскен. Негізгі жеткізілімдер Түркия арқылы Джейхан портына баратын құбыр желісімен жүзеге асырылған.
Тегеранның бұғазды ирак кемелері үшін ашу туралы шешімі теңіз арқылы жеткізілімдерді ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда жарияланымда танкерлер тапшылығы және отын өндіру көлемін арттыруға қатысты белгісіздік сияқты шектеулер сақталатыны айтылған.
Соғыс басталғаннан кейін, ол бес аптаға созылып жатқан кезде, Тегеран Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалын тоқтататынын жариялаған. Қазір бұл теңіз жолымен тек Иранға достас елдерге ғана өтуге рұқсат етіледі. Tasnim агенттігінің дерегіне сәйкес, олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан бар.


