Президенттің тапсырмасы: Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу күшейтілді

🔹 Президент поручил обеспечить объективность: МВД усилило работу по делу о ДТП в Алматы
Ішкі істер министрі 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, ведомство Алматыдағы резонансты жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты және объективті тергеу үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.
Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің күдікті жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Анықталғандай, жол-көлік оқиғасы кезінде ол алкогольдік мас күйде болған.
Сонымен қатар, бұрынғы полиция қызметкерінің ықтимал әрекетсіздігі, сондай-ақ мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Қоғамдық кеңістікте тараған барлық мәліметтер тексеруден өтеді.
Объективтілікті қамтамасыз ету үшін Алматыға ІІМ-нің арнайы комиссиясы жіберілді. Оның құрамына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің өкілдері кірді.
Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
Ведомство қызметтік тәртіпті нығайту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
Қалаға басқа өңірлерден күшейтілген полиция жасақтары да жіберілді. Ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4,8 мыңнан астам фактісі тоқтатылды. Олардың ішінде мас күйде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлік белгілерді пайдалану және тиісті жүргізуші құқығынсыз көлік жүргізу деректері бар. 2 мыңнан астам автокөлік айыптұрақтарға қойылды.
Осыған ұқсас күшейтілген тексерулер ел бойынша жүргізіліп жатыр.
— Тергеу барысы оның жеке бақылауында. Кінәлілердің барлығы мәртебесі мен жағдайына қарамастан, заңға қатаң сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп жазды ІІМ басшысы Ержан Саденов.
#ЗАКОНИПОРЯДОК
📱 POLISIA.KZ


