ІІМ орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы күшейтілген тексерістерге жүргізушілердің шағымына пікір білдірді

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы күшейтілген тексерістерге қатысты жүргізушілердің шағымына түсініктеме берді. Кейбір автокөлік жүргізушілері рейдтер кезінде өздерін «қысымға алып жатыр» деп шағымданған.
Әділов Алматыда әртүрлі өңірлерден тартылған полиция қызметкерлерінің қатысуымен күшейтілген отработка жүргізілгенін растады. Алайда оның айтуынша, мұндай іс-шаралар елдің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ол рейдтерді қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «қалыпты тәжірибе» деп атады.
«Бұл тұрақты тәжірибе, біз оны тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де қолданамыз. Бұл тек жол қауіпсіздігіне ғана емес, құқық бұзушылықтың басқа түрлеріне де қатысты», — деді ол.
Оның айтуынша, негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылады.
«Алдымен заңды болмашы бұзған автокөлік жүргізушілерімен әңгіме жүргізіледі, ескерту жасалады. Ал өрескел бұзғандар тиісті жазасын алады», — деп атап өтті министр орынбасары.
Санжар Әділов полицияның тәулік бойы жұмыс істейтінін және заң бұзушылықтардың барлығына әрекет ететінін қосты.
Бұған дейін ІІМ Алматыдағы күшейтілген тексерістерді жоспарлы іс-шаралар ретінде түсіндірген. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мұндай отработкалардың елдің әртүрлі өңірінде тұрақты түрде өткізілетінін және уақытша сипатқа ие екенін мәлімдеген.
Алматыда операция «Стоп-нарушения» науқаны аясында өтіп жатыр. Жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейту үшін басқа өңірлерден қосымша полиция экипаждары жіберілген.
Ведомство мұндай шаралардың мақсаты — құқық бұзушылықтар санын азайту және жолдағы тәртіпті арттыру екенін атап өтті.


