АҚШ әскері Иран үстінде атып түсірілген F-15E ұшағының екінші ұшқышын құтқарды — Трамп

АҚШ әскері Иран үстінде атып түсірілген америкалық F-15E жойғыш-бомбалаушы ұшағының екінші пилотын құтқарды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі, 5 сәуір күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамптың сөзінше, соңғы бірнеше сағат ішінде АҚШ қарулы күштері АҚШ тарихындағы «ең батыл іздеу-құтқару операцияларының бірін» жүргізіп, «өте құрметті полковник» саналатын офицерді құтқарған.
Президенттің айтуынша, әскери қызметкерлер пилоттың орналасқан жерін 24 сағат бойы бақылаған. Ұшқыш жарақат алғанымен, Трамп оның жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.
Трамп сондай-ақ пилоттың «Иранның қауіпті тауларында, майдан шебінің ар жағында» болғанын, ал қарсыластардың оған сағат сайын жақындай түскенін жазды. Оның айтуынша, пилот «ешқашан шын мәнінде жалғыз болмаған», өйткені оның орналасқан жерін бас қолбасшы, қорғаныс министрі, Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы және әріптестері тәулік бойы бақылап, құтқару жоспарын әзірлеген.
Президенттің мәлімдеуінше, оның нұсқауымен пилотты құтқаруға АҚШ әскері «әлемдегі ең өлімге әкелетін қарумен» қаруланған ондаған ұшақты жіберген.
Трамптың айтуынша, бұған дейін тағы бір пилот та сәтті құтқарылған. Ол бұл ақпараттың екінші операцияға қауіп төндірмеу үшін ресми түрде расталмағанын түсіндірді.
Президенттің сөзінше, жойғыш ұшақ экипажын құтқару кезінде бірде-бір америкалық қаза таппаған немесе жараланбаған.
Трамп бұл жағдайды «әскери тарихта алғаш рет екі америкалық пилоттың жау аумағының тереңінде бөлек-бөлек құтқарылуы» деп атады.
F-15E Strike Eagle ұшағы Иранда 3 сәуір күні атып түсірілген. Экипаждың екі мүшесі де катапультпен секірген, олардың бірін тез табуға мүмкіндік болған. Иран аумағында іздеу жұмыстарына арнайы жасақ жұмылдырылып, операция әуе қорғанысымен жүргізілген.
The New York Times дерегіне сәйкес, америкалық ұшақтар офицер болған ауданнан иран күштерін ығыстыру үшін бомба тастап, оқ атқан. Трамп пен оның командасы құтқару операциясын Ақ үйдің жағдай орталығынан бақылаған.
Бұған дейін Tasnim агенттігі Иран әскері ислам республикасының әуе қорғаныс күштері ұшақты зақымдағаннан кейін катапультпен секірген америкалық пилотты тұтқынға алуы мүмкін екенін хабарлаған.


