Алматыда өрт датчигі көпбалалы отбасының үйіндегі өрт кезінде 8 адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті

Бүгін таңертең Алматы қаласы ТЖД пультіне Новгородская көшесіндегі көпбалалы отбасының үйінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Оқиға кезінде төбенің жабындысы жанған.
Жеңіл тұтанатын материалдардан салынған барак үлгісіндегі үй санаулы секундтарда толықтай өртеніп кетуі мүмкін болғандықтан, бүкіл отбасы үшін қауіп өте жоғары болған.
Шешуші рөлді 2025 жылдың қазан айында құтқарушылар орнатқан өрт датчигі атқарған. Құрылғы тұрғындарды оятып, өрт сөндірушілерді дер кезінде шақыруға мүмкіндік берген. Нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілген.
Алматы қ. ТЖД аға инженер Ринат Құсайыновтың айтуынша, ол бұған дейін әкімдік пен газ қызметі өкілдерімен бірге бұл отбасының үйінде болып, датчик орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соның арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туған.
Құтқарушылар дер кезінде орнатылған датчиктер мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау адам өмірін сақтайтынын ескертті.
@emergovkz / t.me / insta / tiktok / youtubе


