Оразбек Асылкулов Азия чемпионатының жартылай финалына өтті

Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Оразбек Асылкулов Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Турнир 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатыр.
1/4 финалда 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы жапониялық Шунсукэ Китамотомен кездесуі тиіс болған.
Алайда Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, жапониялық боксшы жарақатына байланысты турнирден шығып қалған.
Осылайша, Оразбек Асылкулов жартылай финалға өтіп, өзіне кемінде қола медальді кепіл етті.
Асылкулов өткен жылдың соңында Дубайда өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында 57 келіге дейінгі санатта жеңіске жетіп, кейін салмақ дәрежесін жоғарылатқан.
Бұған дейін қазақстандық боксшы Торехан Сабырхан Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетіп, турнирдің жартылай финалына да өткен болатын.


