Қазақстандық әлем чемпионы Валентина Хальзова бокстан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстандық әлем чемпионы Валентина Хальзова бокстан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Турнир 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатыр.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен 1/4 финалда Хальзова Оңтүстік Корея өкілі Суйеон Сонгпен жұдырықтасты.
Бірінші раундта Хальзова қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Екінші раундтың үш минуты ішінде төреші Оңтүстік Корея спортшысына тағы екі рет есеп ашуға мәжбүр болды. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтату туралы белгі берді.
Осы нәтижемен Валентина Хальзова Азия чемпионатының жартылай финалына өтіп, өзіне кемінде қола медальді қамтамасыз етті.
Валентина Хальзова — әлем чемпионы (2016), сондай-ақ Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2016, 2017, 2025).
Бұған дейін Азия чемпионатының жартылай финалына Махмуд Сабырхан мен Торехан Сабырхан шыққан.
Ал бүгін 1/4 финалдағы жекпе-жектерінде Оразбек Асылкулов пен Ертуган Зейнуллинов жеңіске жетті.


