Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Турнир 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатыр.
1/4 финалда 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшыға Қырғызстан өкілі Мирзохид Имамназаров қарсылас болды.
Жекпе-жекте жеңіс қазақстандық спортшыға төрешілердің бөлінген шешімімен — 3:2 есебімен бұйырды.
Осы нәтижеден кейін Ертуған Зейнуллинов Азия чемпионатының жартылай финалына өтіп, өзіне кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Ертуған Странджа кубогы-2025 жеңімпазы және 2025 жылғы IBA ұйымдастырған Дубайдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Еске салайық, 1/8 финалда Ертуған Зейнуллинов тайваньдық боксшы Ю Линьді жеңген болатын.
Бұған дейін жартылай финалға қазақстандық басқа боксшылар да шықты: Торехан Сабырхан, Махмуд Сабырхан және Оразбек Асылқұлов.


