Таразда 5 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды

Таразда ер адам ірі көлемдегі ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды.
Жамбыл облысы полиция департаментіне Тараз қаласының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз адам өзіне қысым көрсетіп, ар-намысы, қадір-қасиеті және іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытқан.
Арыз иесінің сөзінше, күдікті «үндемегені» үшін 5 миллион теңге талап еткен.
Қылмыс үстінде ұстау Азаматтың өтінішінен кейін полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Жедел іс-шаралар барысында күдіктіні қылмыс үстінде ұстауға мүмкіндік туған.
Ведомство мәліметінше, ер адам ақша беру сәтінде ұсталған. Бұл қаражат арыз иесіне қысым көрсетуді тоқтату және әлеуметтік желілерде бұрын жарияланған жағымсыз пікірлерді өшіру үшін берілмек болған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 2,5 миллион доллар көлеміндегі алаяқтыққа күдікті ұсталған. Полиция дерегінше, ер адам алаяқтық жолмен құны шамамен 2,5 миллион доллар болатын бизнесті иемденген. Кейін жағдайды пайдаланып, күдікті бұрынғы иесіне компанияда компромат материалдар барын айтып, оларды таратпау үшін 250 мың доллар талап еткен.

