Арман Царукянды ұшақтан телефон қолданғаны үшін түсіріп тастады

UFC-тің жеңіл салмақтағы танымал армян файтері Арман Царукян ұшақтан телефонға байланысты түсірілді.
Ресейлік блогер Адам Зубайраев әлеуметтік желілерінде Арман Царукянды ұшақтан түсіріп жатқан сәт түсірілген видеоны жариялады.
Зубайраевтың жазуынша, жағдайға ұшақ ұшып көтерілуге әрекет жасаған кезде файтердің командасындағы бір адамның телефон қолдануы себеп болған. Сондай-ақ, оның айтуынша, екінші адам үстелшені ашқан.
"Просто из-за того, что кто-то из команды пользовался телефоном во время того, как самолёт пытался взлететь, и ещё второй человек открыл столик, Армана и двух его друзей выгнали из самолета, который направлялся на турнир RAF", - написал Зубайраев.
Аталған ұшақпен Арман Царукян RAF балуандар лигасының турниріне бет алғаны айтылды. Турнир 19 сәуірге қараған түні өтуі тиіс болған.
Онда армян спортшысы атақты америкалық файтермен, WEC-тің (UFC сатып алған) экс-чемпионы Юрайя Фейбермен жекпе-жек өткізуі керек болған.
Мәтінде бұған дейін ұқсас жағдай UFC-тің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедовпен болғаны да еске салынды. Экс-чемпион Frontier Airlines әуе компаниясының рейсінен түсірілген. Бұған Нурмагомедовтің апаттық шығу есігіне жақын орыннан басқа орынға ауысудан бас тартуы себеп болғаны көрсетілді.
Кейін Нурмагомедов басқа әуе компаниясының ұшағына отырып, межелі жеріне жеткен. Оны рейстен түсірген компания шешімін спортшының стюардессаның сұрақтарына жауап бермегенімен түсіндіріп, сондай-ақ оған класс деңгейі жоғары орын ұсынғандарын қосқан.
Еске салайық, Арман Царукян соңғы рет октагонға UFC Fight Night 265 турнирінде шыққан. Бұл турнир 2025 жылғы 22 қарашада Дохада (Катар), Ali Bin Hamad al-Attiyah Arena аренасында өткен.
Оның қарсыласы жаңа зеландиялық Дэн Хукер болған. Екінші раундта Царукян жекпе-жекті партерге тез ауыстырып, басым позицияға шығып, Хукерге «ручной треугольник» әдісін жасаған. Жаңа зеландиялық спортшы берілуді шешіп, жеңісті қарсыласына берген.
Сондай-ақ мәтінде қазақстандық ММА файтері Бекзат Алмаханның Әзербайжанның Баку қаласында өтетін UFC турнирінде октагонға қайта оралатынын хабарлағаны айтылды.


