ТЖМ басшысына Есіл өзенінде жаңа құтқару кемесі мен капсулалық қауіпсіздік бекеттері жобасы таныстырылды

Астана қаласындағы Есіл өзенінде Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновке су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған заманауи шешімдер таныстырылды.

Іс-шара барысында әртүрлі су айдындарында, оның ішінде таяз суда пайдалануға арналған суатар катер ұсынылды. Кеме патрульдеу және рейдтік іс-шаралардан бастап, су нысандарында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге дейінгі кең ауқымды міндеттерді орындауға бағытталған.
Катер жоғары динамика, маневрлік және күрделі гидрологиялық жағдайларда жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін қуатты суатар қозғалтқыштармен жабдықталған.
Презентация кезінде Есіл өзенінің бойына капсулалық құтқару бекеттерін орналастыру сызбасы да таныстырылды. Қазіргі уақытта Астана қаласының ТЖД оларды әзірлеу және орнату мәселелерін пысықтауда.
Бастаманы іске асыру шомылу маусымында құтқарушылардың кезекшілік атқаруына қосымша жағдай жасап, судағы оқиғалардың алдын алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба төтенше жағдайларда жедел әрекет етуді қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.


