Канат Бозумбаев Алатау қаласын дамыту тәсілдерін және арнайы мәртебе туралы заң жобасын таныстырды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозумбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қаланың арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы аясында Алатау қаласын дамыту бойынша ұсынылған тәсілдерді таныстырды.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтитын арнайы режим енгізу көзделіп отыр. Бұл Алатауда басқарушылық және технологиялық шешімдерді енгізуге арналған заманауи реттеуші алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кейіннен апробациядан өткен тетіктерді елдің басқа өңірлеріне де кеңейту жоспарланған. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар charter cities ретінде белгілі.
Алатауда кешенді экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр. Ол:
- салықтық жеңілдіктерді,
- бизнесті реттеуді,
- инвестиция тартуды,
- инвестициялық дауларды шешу тетіктерін қамтиды.
Сондай-ақ жаңа мемлекеттік орган — Alatau City Authority құрылады. Оның қызметі Премьер-Министр төрағалық ететін Кеңеспен айқындалады. Ағымдағы жұмысты Бас атқарушы директор қамтамасыз етеді. Кеңес стратегиялық шешімдер қабылдап, әкімшілік актілерді бекітеді, ал мәслихат пен әкімдік әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық салалардағы өкілеттіктерін сақтайды.
Вице-премьер қала дамуы аясында қарастырылған технологиялық және инфрақұрылымдық жобалар туралы да мәлімдеді. Атап айтқанда, 120 метр биіктікке дейін дрондарды сынақтан өткізу жоспарланған — оның сөзінше, мұндай тәжірибе тек Шэньчжэньде (ҚХР) ғана бар. Сонымен бірге аэротакси мен квадрокоптерлерді Алатау, Қонаев, Алматының бірнеше нүктесі және туристік дестинациялар арасында байланыс үшін енгізу мүмкіндігі қарастырылуда: жол жүру уақыты шамамен 15 минут болуы мүмкін, ал аэротаксидің жылдамдығы 350 км/сағ дейін жетеді. Күтілетін туристік ағын жылына 8 млн адамға дейін деп бағаланып отыр.
Бұдан бөлек, реттелетін ортаға ие «криптоқала» құру жоспарланған.
Депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, Қанат Бозумбаев Қазақстанның Алатауда офшорлық аймақ құруды көздемейтінін, сөз жеделдетілген даму қаласын қалыптастыру туралы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі кезеңде Сингапур немесе Дубай сияқты орталықтармен бәсекелесу мақсат еместігін айтты. Сонымен қатар қалада экономикалық қызметке тартылған резиденттердің жұмыс істеп, тұруы болжанатыны көрсетілді.
https://t.me/chinovnik_kz


