Қазақстанда іске қосылуы жоспарланған ұшқышсыз аэротакси Алматы әуежайынан Медеуге 10 минутта жеткізе алады

Қазақстанда іске қосылуы жоспарланған ұшқышсыз аэротаксилер жолаушыларды Алматы әуежайынан Медеуге 10 минутта жеткізе алады және 300 км/сағ-тан жоғары жылдамдыққа жетуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Сатып алу жоспары және мүмкіндіктері Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан америкалық Joby компаниясынан аэротакси сатып алуға кезекте тұр. Жалпы алғанда, бірнеше ондаған ұшқышсыз аппарат сатып алу жоспарланған.
Оның сөзінше, жеткізілімді алу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, бастапқы кезеңде қытайлық компаниялармен жұмыс басталатыны айтылды. Вице-премьер Қазақстан аумағының кең әрі сирек қоныстанғанын және ұшқышсыз аппараттарға ұсынуға болатын әуе кеңістігі бар екенін атап өтті.
Бозымбаевтың мәлімдеуінше, әңгіме жолаушыларды да, жүктерді де тасымалдай алатын ұшқышсыз аппараттар туралы болып отыр. Олар үшін биыл ұшып-қонуға қатысты нақты кесте әзірленеді.
Маршруттар мен жылдамдық Вице-премьердің айтуынша, америкалық ұшқышсыз аппараттардың жылдамдығы 320–350 км/сағ болуы мүмкін.
Ол Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі бағытта 10–12 минутта жетуге болатынын, сондай-ақ Әл-Фараби даңғылындағы бизнес-орталыққа бару қажет болған жағдайда да осыған ұқсас мүмкіндік қарастырылатынын айтты.
Туристік ағын және өндіріс перспективасы Қанат Бозымбаев Қазақстан ұшқышсыз аппараттарды тұрақты түрде сатып ала бермейтінін, уақыт өте келе елдің «құзыреттері артып», оларды ел ішінде құрастыру мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал екенін жеткізді.
Туристік әлеует туралы айта отырып, ол негізгі бағыттар айқындалғанын және өңірдегі туристердің жалпы ағыны 8 миллион адамға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер соның кемінде 4 миллионы Алатауға келсе, бұл «елеулі жетістік болып, айтарлықтай табыс әкеледі».
Ұшуларды реттеу Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстанда ұшқышсыз аппараттардың ұшуын биыл заңнамалық тұрғыда реттеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, аэротаксиді пайдалану тәртібін айқындайтын қосымша нормативтік құқықтық актілер қабылданады.
Ережелерді әзірлеумен Көлік министрлігі айналысып жатқаны айтылды. Бұл ретте халықаралық тәжірибе ескеріліп, мұндай технологиялар енгізілген елдер мен өңірлермен, соның ішінде Шанхаймен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр.


