Атырау маңындағы «Геолог» ықшамауданында жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды

Атырау қаласының маңындағы «Геолог» ықшамауданында жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды. Олар Атырау облысында өлтірілген ерлі-зайыптылардың балалары болған.
Жангелдин ауылының тұрғындары Наурыз бен Мирамгүл бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер ретінде жарияланып, іздеуде жүрген. Олардың денелері күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайымен бірге бұрын жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.
Кеше Сұлтан мен оның жұбайы Ақбаян Алматыға жеткізілді. Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, мәйіттерді «Геолог» ықшамауданында бұрын өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.
Осы ақпарат алынғаннан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген аумақта қайтадан жұмыстар жүргізіп, мәйіттерді тапты.
Осылайша, Сұлтан Сәрсемәлиевті жұбайы Ақбаянның төрт туысын өлтірді деген күдікке ілінді. Бұған дейін Ақбаянның ата-анасының мәйіттері өз үйінің қорасынан табылған. Ақбаянның өзі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған, алайда жұп Индонезияда ұсталғаннан кейін ол күдікті ретінде танылды. Дегенмен оған нақты қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз.
29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев қос кісі өлтіруге күдік бойынша Интерполдың «қызыл хабарламасымен» халықаралық іздеуде болған. Ол 24 ақпанда Индонезиядағы Сенару ауылындағы қонақүй типтес үйде ұсталды. Операция Индонезия полициясының Халықаралық бөлімімен (INP) бірлесіп жүргізілген.
ОТБАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Насип Утешекалиева Атырау облысының Жангелдин ауылында тұрған. Туыстарының айтуынша, ерлі-зайыптылардың үшінші топ мүгедектігі болған, мал шаруашылығымен айналысқан және туған ауылынан көп шықпаған. Олардың үш баласы болған: екі қыз және бір ұл.
2025 жылғы 25 желтоқсанда өңірлік полицияға туыстарынан отбасының дерлік түгел жоғалғаны туралы хабар түскен. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жергілікті тұрғын өзінің ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы — 32 жастағы ұлы Наурыз бен 35 жастағы қызы Мирамгүл — қараша айынан бері байланысқа шықпай отырғанын айтқан.
Кейін отбасының үйден белгісіз бағытқа шығып кеткені және содан бері олардың қайда екені туралы ешқандай ақпарат болмағаны анықталған.
6 қаңтарда полиция зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттерін тапты. Осыдан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған.


