Ақтөбе облысында Ілек өзенінде жоғалып кеткен 10 жастағы оқушыны бір тәуліктен аса уақыттан бері іздеп жатыр

Ақтөбе облысында 10 жастағы мектеп оқушысын бір тәуліктен аса уақыттан бері іздеу жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бала өзенге құлап, суға кетуі мүмкін.
29 наурызда Сарыжар ауылдық округінде 4-сынып оқушысы Мансур Саматов жоғалып кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол достарымен бірге велосипедпен Ілек өзеніне барған, алайда үйіне қайтып оралмаған.
Жергілікті тұрғын Бакитжан Мулькаевтің сөзінше, оқиға кеше кешкісін шамамен 17:00-де болған.
«Бұл қайғылы жағдай кеше кешке, шамамен 17:00-де болды. Балалар серуендеп, өзен жағасында ойнаған, сол кезде бір бала өзен бойымен тайып кеткен. Ағыс алып кетті. Мұның бәрін кейін балалар айтып берді. Олар бәрін көрген, көмектесуге тырысқан, бірақ қолдарынан келмеген, жеткізе алмаған. Ауылға жүгіріп барған, ересектер келгенше — бала жоқ болып кеткен», — деді ол.


Баланы іздеуге құтқарушылар, полицейлер, сүңгуірлер, әскери қызметкерлер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Барлығы жүзден аса адам қатысып жатыр. Іздеу жұмыстарына тікұшақ пен қайық тартылған.

Адамдар жағалау сызығын шолып, мамандар су айдынын тексеріп жатыр. Алайда әзірге іздеу нәтижесіз.

Мартөк ауданы тұрғындарының айтуынша, іздеу жұмыстары су деңгейінің көтерілуі мен ағыстың қатты болуына байланысты қиындап отыр. Соған қарамастан, сүңгуірлер жұмысын жалғастыруда.
Оқиға орнында шағын лагерь құрылған. Волонтёрлер тамақ пен су әкеліп, іздеу операциясына қатысып жүргендерге ыстық ас дайындап жатыр.

Іздеу жүргізіліп жатқан жерде баланың ата-анасы да бар. Олар күйзеліс жағдайында болып, сөйлесуге шамалары келмеген. Полицияда баланы іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Алдын ала, баланың суға құлап кетуі мүмкін екені анықталды», — деп мәлімдеді.
Полицейлер ата-аналарды балаларға бақылауды күшейтуге шақырды.


