Иран футбол федерациясы ФИФА-ға Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан спорт инфрақұрылымының қирауы туралы мәлімдеді

Иран футбол федерациясы Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясына (ФИФА) Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан спорт инфрақұрылымының қирауы туралы мәлімдеме жолдады.
БАҚ мәліметінше, ұйым ФИФА-ға иран футболына өте ауыр соққы тигенін жеткізген.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін Таяу Шығыстағы бірқатар футбол чемпионаттары матчтарды уақытша тоқтатуға мәжбүр болғаны атап өтілді.
Әлем чемпионатына жолдама алған Иран ұлттық құрамасы, егер ФИФА оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, мундиальға қатысудан бас тартуы мүмкін.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада өтуі тиіс. Қазіргі уақытта ФИФА Иранды алмастыру немесе команданың АҚШ-тағы матчтарын Мексикаға көшіру жөнінде шешім қабылдаған жоқ.
Сонымен қатар бұған дейін Иранның Энергетика министрлігі АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан Тегеран мен елдің солтүстігіндегі бірқатар көршілес өңірлер электр қуатынсыз қалғанын хабарлаған.


