Қарағандыда мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған 36 жастағы жүргізуші ұсталды

Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері Audi маркалы автокөлікті тоқтатып, 36 жастағы жүргізушіні ұстады. Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққаны байқалған.
Стандартты тексеріс барысында ер адамның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Медициналық куәландыру жүргізушінің ағзасында алкоголь бар екенін көрсетті.
Оқиғадан кейін жүргізушінің көлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.
Қазақстанда мас күйде әрі құқықсыз көлік жүргізгені үшін не қарастырылған
ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес, алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйде көлік құралын басқару:
- 15 тәулікке әкімшілік қамауға, сондай-ақ
- жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.
Алайда жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы болмаған жағдайда, ол осы баптың 6-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл:
- 20 тәулікке әкімшілік қамауды, сондай-ақ
- «Жол жүрісі туралы» заңның 74-бабы 2-1-тармағына сәйкес, сегіз жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға жіберілмеуді көздейді.
Емтихан тапсыруға қатысты бұл шектеу әкімшілік жауапкершілікке соңғы рет тартылған сәттен бастап есептеледі.
Бұған дейін Астанада жүк көлігінің жүргізушісі автокөлік нөмірін шүберекпен жасыруға тырысқаны үшін жазаланғаны хабарланған болатын.


