Ақтөбеде Самара – Шымкент тасжолындағы төрт адамның өліміне әкелген жол апаты ісі бойынша шетелдік азамат ақталды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Самара – Шымкент тасжолындағы өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы бойынша 33 жастағы Қырғызстан азаматы Рамазан Инфуровты ақтады.
Оқиға 2023 жылғы 21 ақпанда кешке автожолдың 921-шақырымында болған. Іс материалдарына сәйкес, Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жеңіл көлікте болған 31 жастағы ер адам мен оның екі кәмелетке толмаған баласы қаза тапқан, тағы бір бала кейін ауруханада көз жұмған. Көлікті марқұмның 32 жастағы жұбайы басқарған, ол аман қалған.
Бастапқыда жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелді деген айып (ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі) әйелге тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамай, өз жолағымен келе жатқанын, ал қарсы жолақпен бензовозды басып озған жүк көлігі оны күрт тежелуге мәжбүрлегенін айтқан. Осыдан кейін көлік тайып, соқтығыс болғанын мәлімдеген.
Сот жесір әйелді ақтап, айыптау тарапы оның кінәсін дәлелдейтін даусыз дәлелдер ұсынбағанын көрсеткен.
Осыдан кейін дәл сол айып бойынша сотқа жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров тартылған. Ол да өз кінәсін жоққа шығарып, басып озуды аяқтап, өз жолағына қайтып үлгергенін, ал жол талғамайтын көлік қарсы бетке тайып шыққанын айтқан.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Қорғау тарапы жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ, материалдар сотқа берілгенге дейін қылмыстық іс төрт рет тоқтатылғаны, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарының бір бөлігі бұрын ақталған әйелге қатысты істің материалдарымен сәйкес келетіні атап өтілген.
Талқылау қорытындысы бойынша сот Инфуровты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтап, оны қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылуына байланысты залалды өтеу құқығы бар деп таныды.
Сот оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын жойып, қамаудан дереу босатуды қаулы етті.
Жәбірленуші тараптың 50 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабы қараусыз қалдырылды. Апелляция беруге 15 тәулік мерзім белгіленген.
Бұдан бөлек, төрағалық етуші судья Исмаилова жеке қаулы шығарып, Ақтөбе облысының прокуроры мен полиция департаментінің бастығының назарын осы істі тергеу кезінде жіберілген қылмыстық-процестік заңнама нормаларының бұзылуына аударған.


