Түркістан облысында құтқарушылар таудан түсе алмай қалған екі адамды аман алып түсті

Түркістан облысында ТЖМ қызметкерлері түнгі уақытта Бәйдібек ауданының Теректі ауылы маңында тауға көтеріліп, өздігінен төмен түсе алмай қалған екі адамды құтқарды.

Оқиға түнде болған. Белгілі болғандай, екі адам күндіз тауға көтерілген, алайда күн батып, қараңғы түскен кезде бағыттан адасып, төмен түсе алмай қалған.
Құтқарушылар зардап шеккендермен тұрақты түрде байланыс орнатып, олардың геолокациясын анықтады. ТЖД күштерінің көмегімен азаматтар таудан түсірілді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарылған азаматтардың бірі болған жағдайды былай деп баяндады: «Біз інім екеуміз тауға шыққан едік, осы жасқа келіп тауды көрейік деп. Тауға көтерілген соң, түсер жолды таба алмай қалдық. Құтқарушыларға үлкен рақмет айтамыз. Бізді аман-есен таудан түсірді. Енді тауға шықпайтын шығармыз, тау десе қорқатын болдық. Жасым 62-де, бір көріп қайтайын деген едім. Таудың да өз қиындығы бар екен. Осы жігіттерге алғысымыз шексіз. Түн демей, бізді құтқаруға келді».
@emergovkz / t.me / insta / tiktok / youtubе


