Қасым-Жомарт Тоқаев «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировты 80 жылдығымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировқа құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртісі Фаррух Закировты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жеделхатта оның табиғи таланты, сарқылмас өмірлік қуаты және ерекше еңбекқорлығының арқасында әлем бойынша миллиондаған тыңдарманның ықыласына бөленгені атап өтілген. Сондай-ақ өнерінің көптеген жылдар бойы әртүрлі ұрпақ пен халық өкілдерін біріктіріп келе жатқаны айтылған.
Қазақстанда Фаррух Закировтың қайталанбас дауысы мен аңызға айналған «Ялла» ансамблінің орындауындағы әйгілі әндері жоғары бағаланатыны, ансамбльдің тұтас бір дәуірдің мәдени феноменіне айналғаны көрсетілген.
Мәдениет пен музыкалық өнерді дамытуға қосқан зор үлесі, сондай-ақ халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Фаррух Закировты «Достық» орденінің II дәрежесімен марапаттады.


