Еуропада авиаотын қоры шамамен алты аптаға ғана жетуі мүмкін

Халықаралық энергетикалық агенттік (МЭА) басшысы Еуропада «авиациялық отын қоры шамамен алты аптаға ғана қалды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Иранмен соғысқа байланысты мұнай жеткізілімі бұғатталған күйінде қалса, Еуропадан ұшатын рейстер «жақын уақытта» тоқтатылуы мүмкін.
Өткен аптада Еуропаның Халықаралық әуежайлар кеңесі Еуропалық комиссияға хат жолдап, егер танкерлер Ормуз бұғазынан өтпей қалса, авиаотын тапшылығы мамырдың басында басталуы ықтимал екенін ескерткен.
Еуропа елдеріндегі жағдай біркелкі емес: Австрия, Болгария және Польшада авиаотын қоры жақсы екені айтылған. Ал Ұлыбритания, Исландия және Нидерландта жағдай керісінше. Франция аралық деңгейде. Салдары барлық әуежайлар мен әуе компаниялары үшін бірдей болмайды.
ING банкінің экономисі Рико Луманның айтуынша, ел ішіндегі шағын әуежайлар негізгі хабтарға қарағанда әлсіз жағдайда қалады. Ол мәселе толық тоқтауға емес, кейбір әуе компаниялары мен әуежайларда рейстердің ішінара қысқаруына қатысты болатынын атап өтті.
Әуе компанияларының ұшу кестесін жоспарлауға мүмкіндігі аз. Air France-KLM, Lufthansa және Ryanair кіретін Airlines for Europe (A4E) еуропалық сауда қауымдастығы Еуропалық одақты әуежайлардағы авиаотын қоры туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беруді бастауға шақырған.
Алайда бұл деректерді ұсынуы тиіс отын жеткізушілері ірі клиенттеріне құпия коммерциялық мәліметтерді беруге аса құлықты емес екені айтылған.
МЭА атқарушы директоры Фатих Бироль Ормуз бұғазы арқылы мұнай, газ және басқа да өмірлік маңызды ресурстар жеткізілімінің тоқтауынан туындаған жағдайды «біз бұрын-соңды кездестірген ең ірі энергетикалық дағдарыс» деп атады.
Ол бұрын Dire Straits атты музыкалық топ болғанын еске алып, қазіргі бұғаздағы ахуалды критикалық деп сипаттады. Бирольдің айтуынша, бұл әлемдік экономикаға елеулі салдар әкеледі және жағдай қаншалық ұзаққа созылса, әлем бойынша экономикалық өсім мен инфляция үшін соғұрлым нашар болады.
Бироль кейбір елдер басқаларына қарағанда көбірек зардап шегетінін айтып, энергетикалық дағдарыстың алдыңғы шебінде тұрған елдер ретінде Жапония, Корея, Үндістан, Қытай, Пәкістан және Бангладешті атады.
Сондай-ақ ол Тегеран енгізді деп хабарланған бұғаздан өту үшін кемелерден төлем алуға қарсы шықты.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын Қытай мен бүкіл әлем үшін «әрдайым» ашық ұстағанын мәлімдеген.


