Астанада ТЖМ қызметкерінің отбасына пәтер кілті табысталды

Астанада ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің Техникалық нормалау басқармасының бас маманы Еркін Қапбаровтың отбасына пәтер кілті табысталды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің бастығы Анаргүл Әбеуова, Құтқарушылар қорының басшысы Рашид Жанузаков, сондай-ақ Астана қаласы ТЖД бастығы Марат Күлдіков қатысты. Олар қызметкердің отбасын қоныс тойымен құттықтады.
37 шаршы метр болатын жаңа пәтер тұруға толық дайын: ол жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған, отбасының жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Жоба Құтқарушылар қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Бұл бастама ТЖМ қызметкерінің отбасына көрсетілген қамқорлықтың айқын көрінісі ретінде атап өтілді. Мұндай қолдау жылулықты, тұрақтылықты және болашаққа деген сенімділікті білдіріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін мойындаудың маңызды белгісі ретінде бағаланды.










