Кахраманмараштағы орта мектепте атыс болды: төрт адам қаза тауып, 20 адам жараланды

Түркияның Кахраманмараш қаласында орта мектептердің бірінде атыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, төрт адам қаза тауып, тағы 20 адам жараланған.
Оқиға Оникишубат ауданында болған. Мәліметке сәйкес, 8-сынып оқушысы мектепке тапаншамен келіп, екі сыныпқа оқ атқан. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полицияның көптеген бригадалары жіберіліп, оқу орнының аумағы қоршауға алынды.
Провинция губернаторы Муккерем Юнлюер шабуыл жасаған адамның Иса Арас есімді оқушы екенін хабарлады.
Оның айтуынша, жасөспірім қаруды рюкзакпен алып келген — болжам бойынша, ол бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істеген әкесіне тиесілі болған.
Билік дерегінше, атыс салдарынан төрт адам қаза тапқан, олардың арасында бір мұғалім бар. 20 адам жараланған, төртеуі ауыр халде. Шабуылдан кейін оқушы өз-өзіне қол жұмсаған.
Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи болған оқиғаны тергеу үшін инспекторлар тобын тағайындағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, іске төрт азаматтық және төрт полиция инспекторы тартылған.
Әділет министрі Акын Гюрлек тергеуді Бас прокуратураның үш орынбасары мен төрт прокурор жүргізіп жатқанын, олардың оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын айтты. Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында іс бойынша БАҚ-та жариялауға тыйым енгізілді.
Қала прокуроры Рамазан Мурат Тирьяки тергеу әрекеттері жалғасып жатқанын, оқиғаның барлық мән-жайы зерттеліп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, қазір мектеп ғимаратында шабуыл жасаған адамның мәйіті бар, сот-медициналық сарапшылардың келуі күтілуде.
Сондай-ақ білім министрі Юсуф Текин мен ІІМ басшысы өңірге жол тартқаны айтылды.
Еске салайық: кеше Түркияның Шанлыурфа провинциясындағы мектепте бұрынғы оқушы оқ атқан. Атыс салдарынан 16 адам зардап шеккен: 10 студент, 4 оқытушы, бір полицей және асхана қызметкері.


