Павлодарда 8 жастағы оқушы отбасындағы қатыгездікке шағымданып, балалар үйіне жіберуді сұрады

Павлодарда 8 жастағы мектеп оқушысы отбасындағы қатыгездікке шағымданып, өзін балалар үйіне жіберуді сұраған.
Қыздың айтуынша, оны жалғыз тәрбиелеп отырған әкесі жиі үйге мас күйде келіп, қол көтереді. Тұрғындардың сөзінше, 7 наурызда ер адам қызын үйден қуып шыққан.
Көршілердің айтуынша, әкесі қызды жартылай киінген күйінде баспалдақ алаңына шығарып, заттарын есіктің сыртына лақтырып жіберген. Қыз алдымен қаланың басқа бөлігіндегі әжесіне барған, кейін үйіне қайта оралғанымен, әкесі есік ашпаған. Көршілер оны өз үйлеріне кіргізіп, тамақтандырған. Олар қыздың тозған киіммен жүргенін көріп, подъезд болып киім алып беруге шешім қабылдаған.
Тұрғындар баланың беті мен қолындағы көгерген іздерді бұған дейін де байқағанын, алайда қыз олардың бәріне өздігінен соғылып қалғанын айтып жүргенін жеткізді. Көршілердің айтуынша, әкесі қызбен дөрекі сөйлеседі, үйіне үнемі әртүрлі адамдар келеді, ал бала осындай ортада өмір сүруге мәжбүр. Сондай-ақ көршілер қыздың мектепте де қысым көретінін, мүмкін оның күтімсіздігі мен киімінің жұпынылығына байланысты болуы ықтимал екенін айтқан. Қыздың өзі отбасындағы мәселелерді сынып жетекшісіне де айтқанын жеткізген.
8 наурызда әкесі қызды екінші тәулік қатарынан үйге кіргізбеген кезде, тұрғындар өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шакеноваға жүгінген. Осыдан кейін полиция шақырылған.
Сауле Шакенованың мәліметінше, қыздың айтуы бойынша әкесі белдікпен қатты ұрады, ішімдік ішеді және пәтерден қуып шығады. Сол себепті ол үлкен ағасы тәрбиеленіп жатқан балалар үйіне барғысы келетінін айтқан. Уәкілдің сөзінше, қыздың қолында, аяғында және денесінде көгерген іздер болған. Ол 8 жаста болса да 6 жастағы баладай көрінеді және киімімен бірге салмағы небәрі 22 килограмм. Сол күні бала отбасынан алынып, тексеруден өткізу үшін ауруханаға жатқызылған.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әкенің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын, материалдың сотта қаралғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, әкенің әрекеті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралып, оның ата-ана құқықтарын шектеу туралы сотқа материал дайындалған. Қазіргі уақытта тиісті қызметтердің әрекет етуі нәтижесінде кәмелетке толмаған бала медициналық тексеруден өту және денсаулық жағдайын бағалау үшін облыстық балалар ауруханасына орналастырылған.
Полиция дерегіне сәйкес, медициналық тексеруден кейін қыз уақытша болу үшін Балаларды қолдау өңірлік орталығына жіберіледі.
Анықталғандай, қыздың әкесі бұған дейін де полицияның назарына іліккен. Екі жыл бұрын ол көшеде кәмелетке толмаған қызын телефонмен басынан ұрған. Сотта ол бұл әрекетін «жаман мінезі үшін шапалақпен бір ұрдым» деп түсіндірген.
Сол кезде павлодарлық ер адам баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, 26 мың теңге айыппұл салынған. Бұған дейін оған 30 тәулік бойы өз қызына жақындауға тыйым салынған. Қызды 80 жастағы әжесіне беруге уәде етілген.
Кейін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия шешімімен ер адамды полиция, педагогтар және қамқоршылық органдары бақылауға алған. Егер әкесі бір ай ішінде мінез-құлқын өзгертпесе, ата-ана құқықтары шектелетіні айтылған.
Сауле Шакенованың айтуынша, ол кезде қызды әжесіне бермеген, тіпті қорғау нұсқамасы әрекет еткен уақытта да ол әкесімен бірге тұрған. Екі жыл өткен соң әкесі өзгермеген, ал баланың жағдайы нашарлаған. Уәкілдің сөзінше, комиссия шешімімен отбасы бақылауға алынуы тиіс болғанымен, қазіргі жағдайға қарағанда, іс жүзінде бұл орындалмаған. Қыз әкесіне қайта оралғысы келмейтінін қатаң айтқан.
Павлодар қалалық білім бөлімі жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, қажет болғанның бәрі жасалған: қыз арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау өңірлік орталығына орналастырылған. Сондай-ақ әкенің ата-ана құқықтарын шектеу туралы сотқа талап-арыз дайындау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұл орталықта қыздың анасы жағынан 12 жастағы үлкен ағасы бірнеше жылдан бері тәрбиеленіп келеді. Бірнеше жыл бұрын балалардың анасының құқықтары шектелген, ал өткен жылы әйел қайтыс болған.

