Қаржы министрлігі: азаматтардың кірісі мен шығысы сәйкес келмесе, 10 пайыз салық төлеуі мүмкін

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов журналистердің жеке тұлғаларды тексеру туралы сұрағына жауап берді. Ол камеральдық бақылау жүргізіліп жатқанын айтып, кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылық анықталған жағдайда қазақстандықтарға қандай шара қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.
СЦК-дегі брифинг барысында журналистер кірісі мен шығысы сәйкес келмейтін азаматтар қаншасы анықталғанын сұрады.
«Қазір біз тексеру жүргізіп жатырмыз. Камеральдық тексеру жүргіземіз, қазіргі уақытта бізде деректер жоқ. Қосымша хабарлаймыз», — деді Ахметов.
Анықтама Камеральдық тексеру — салықтық бақылаудың бір түрі. Ол салық қызметі қызметкерлері тарапынан инспекцияның өзінде, азаматтың есептері мен декларациялары негізінде жүргізіледі. Ерекшелігі — инспекторлар кеңсеге немесе үйге бармайды (көшпелі тексеруден айырмашылығы), деректердің дұрыстығын өз жүйесінде тексереді.
Ахметовтің айтуынша, егер азаматтан кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылық анықталып, ол оны түсіндіре алмаса, оған ескерту туралы хабарлама жіберіледі. Одан кейін азаматқа хабарлама келіп, адам айырма сомасының 10 пайызы мөлшерінде салық төлеуі тиіс.
Контекст Бұған дейін Қаржы министрлігі қазақстандықтардың кірісі мен шығысын бақылауды күшейту жоспары барын мәлімдеген.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, елде әртүрлі мемлекеттік базалардағы деректерді біріктіретін жүйе енгізіліп жатыр. Ол ұшулар мен шетелдегі сатып алулар туралы ақпараттан бастап, мүлік және қаржылық операциялар жөніндегі мәліметтерге дейін қамтиды.
Бұл деректер азаматтардың шығыстары олардың ресми кірістері мен төленген салықтарына қаншалықты сәйкес келетінін тексеру үшін пайдаланылмақ.
Министрлікте нақтылағандай, кіріс пен шығысты толық салыстыруды іске қосу кезең-кезеңімен жоспарланып отыр. Бұл базаларды интеграциялау қажеттілігіне және заңнамаға өзгерістер енгізуге байланысты.
Елеулі айырмашылықтар анықталған жағдайда қосымша тексерулер жүргізілуі мүмкін, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар тарапынан да.
Механизм тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, барлық азаматтарға да қолданылмақ.


