Шахтинск қаласындағы тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты: 8 адам зардап шекті

Қарағанды облысы ТЖД-нің 112 пультіне полициядан Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонынан газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны туралы хабар түсті.
Хабарлама келіп түскеннен кейін 4 минут ішінде ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жетті. Оқиға орнына келген кезде жиһаз бен тұрмыстық заттардың жануы орын алып жатқаны анықталды.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан 5 адамды эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды эвакуациялаған, қалған тұрғындар өз бетінше ғимараттан шыққан.
Тұрғындар үшін ТЖМ вахталық автокөлігін пайдалану арқылы жылыту ұйымдастырылды, сондай-ақ жылыту пункті ашылды. Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде 5-еуі полиция қызметкерлері. Барлығы медициналық мекемеге жеткізілді.
ТЖМ күштерімен өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталуда.
Оқиға орнында ТЖД бастығының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, сондай-ақ медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеуде.


