Абай және Атырау облыстарында құтқарушылар лайға батқан көліктерге және істен шыққан микроавтобус жолаушыларына көмектесті

Абай облысында жеңіл көлік лайға батып қалып, көмекке құтқарушылар шақырылды.
Мәліметті ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше кешке 112 пультіне Жарма ауданында, Аршалы ауылынан 35 шақырым жерде жеңіл автокөліктің лайға батып қалғаны туралы хабарлама түскен. Көлік салонында төрт адам болған.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жоғары өтімді техникамен шықты. Ведомство мәліметінше, олар жолсызбен ондаған шақырым жүріп өтіп, көлік пен адамдарды тапқан.
Автокөлік қауіпсіз жерге сүйреп шығарылды. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Атырау облысында да жолаушыларға көмек көрсетілді
ТЖМ мәліметінше, өткен түні Құрманғазы ауданында, Ақкөл ауылынан бес шақырым жерде жеңіл автокөлік лайға батып, қозғалысын жалғастыра алмаған. Салонда бес адам болған.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары келіп, көлікті лайдан шығарып, жолдың қауіпсіз бөлігіне сүйреп апарған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Сонымен қатар Жылыой ауданында, Құлсары қаласынан 20 шақырым жерде құтқарушылар істен шыққан шағын автобустың жолаушыларына көмектесті. Он сегіз адам Құлсарыға жеткізілді, медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ еске салады: алыс аудандарға шығар алдында ауа райы жағдайын және жолдың күйін нақтылап, мүмкіндігінше жолсыз жерлермен жүруден аулақ болған жөн.


