Дастан Сатпаев FIFA Series 2026 аясындағы наурыз матчтарын өткізіп алады

Алматылық «Қайрат» клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Дастан Сатпаев FIFA Series 2026 аясындағы наурыз айындағы матчтарды өткізіп алады.
Бұл шешімді ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы қабылдады. 18 жастағы шабуылшының орнына командаға көкшетаулық «Оқжетпес» клубының форварды Оралхан Өміртаев шақырылды.
Қазақстан құрамасының өкілі Талғат Байсуфинов шешімнің себебін түсіндірді:
«Біз “Челси” футбол клубының медициналық штабынан Дастан Сатпаевтың қазіргі жағдайына және наурыздағы халықаралық үзіліс кезінде қалпына келу қажеттілігіне қатысты ұсыныстар алдық. > > Осы ұсыныстарды Қазақстан құрамасының медициналық штабымен талқылап, алынған ақпаратты бағалай отырып, ойыншыға толыққанды қалпына келу кезеңінен өтуге мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадық».
Жаңа жолдастық турнир — FIFA Series 26 аясында Қазақстан құрамасы Астанада екі матч өткізеді:
- 25 наурыз — Намибияға қарсы
- 31 наурыз — Комор аралдарына қарсы
Дастан Сатпаевтың өткен маусымдағы көрсеткіштері Өткен маусым жас ойыншы үшін серпіліс кезеңі болды: ол Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде (қонақтағы «Копенгагенге» қарсы матчтың 81-минутында) гол соғып, сондай-ақ Бельгияға қарсы әлем чемпионаты іріктеуіндегі ойында Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
Өткен маусымда оның еншісінде 20 гол және 8 нәтижелі пас болды:
- КПЛ: 14+7
- Чемпиондар лигасы іріктеуі: 3+1
- ЧЛ жалпы кезеңі: 1 гол
- Қазақстан кубогы: 1 гол
Бұған дейін Қазақстан құрамасының Армения командасымен жолдастық матч өткізетіні белгілі болған. Ойын 6 маусымда Ереванда, Вазген Саркисян атындағы Республикалық стадионда өтеді. Бұл екі құраманың тоғызыншы бетпе-бет кездесуі болмақ.


