Мемқызметшілерге некені тіркеу немесе бала туу кезінде берілетін демалыс ақылы болмақ

Мемлекеттік қызметшілерге некені тіркеу немесе бала туу сияқты жағдайларда берілетін бұрынғыдай «ақысыз демалыс» орнына ақылы демалыс төленуі мүмкін. Мұндай норма мемлекеттік қызмет туралы заң жобасында көрсетілген.
Бүгін Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында мәжілісмен Олжас Нуралдинов баяндамашыдан неге заң бойынша жалақы сақталмай рәсімделетін демалыс мемқызметшілер үшін басқаша қарастырылғанын сұрады.
Нуралдиновтің айтуынша, қазір Еңбек кодексі кез келген азаматқа некені тіркеу, бала туу және өзге де жағдайларда жалақы сақталмайтын бес күндік демалыс алуға мүмкіндік береді. Ал жаңа заң жобасында мемқызметшілерге осындай жағдайларда 10 күндік ақылы қысқамерзімді демалыс беру ұсынылған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл норманы мемқызметшілерге қойылатын талаптардың жоғары болуымен түсіндірді.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызмет — ерекше қызмет түрі, талаптары жоғары, сондықтан моральдық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында олардың қызметі мемлекеттік қызмет туралы заңмен реттеледі.
Жаңа заң жобасында мемқызметшілердің жалақысын қаншалықты жиі көтеру, «сауықтыру» төлемдерін төлеу және оған қаражатты қайдан алу мәселелері де жазылған.
Мысалы, мемқызметшілердің жалақысы атқаратын жұмысына, тапсырмаларының көлеміне және қол жеткізген нәтижелеріне байланысты болады. Жүктеме мен тиімділік жоғарылаған сайын, еңбекақы да артады.
Сонымен қатар, окладтар инфляцияны ескере отырып тұрақты түрде қайта қаралуы тиіс — кемінде үш жылда бір рет.
Читайте также: Новый аким — новая команда: депутат потребовал остановить практику


