Қызылордада полиция жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуын дрон арқылы анықтай бастады

Қызылордада полицейлер жаяу жүргіншілер тарапынан болатын жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау үшін дрондарды қолдана бастады.
Полиция қызметкерлері әуеден адамдардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өту жағдайларын тіркейді. Құқықбұзушылықтар ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен анықталып, кейін олар бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабына сәйкес, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту 2 АЕК (8 650 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл 5 АЕК-ке (21 625 теңге) дейін ұлғаяды.
Бұған дейін полиция Алматы облысында дрондармен түсірілген құқықбұзушылықтар видеосын көрсеткені хабарланған.
Сондай-ақ: Дрондар жүргізушілерді бақылауда ұстап отыр: Алматы полициясы егжей-тегжейін айтты.


