Олжас Бектенов тарифтер мен бензин бағасының инфляцияға ықпалын шектеуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов тарифтер мен бензин бағасының жалпы инфляция деңгейіне елеулі ықпал етуіне жол бермеуді тапсырды.
Бұл тапсырма тарифтер мен бензин бағасына қатысты мораторийдің аяқталуына байланысты ұлттық экономика, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне берілді.
"Тарифтік саясат болжамды болуы және инфляция бойынша мақсаттармен синхрондалуы тиіс", — деді Бектенов.
Оның айтуынша, мораторий аяқталғаннан кейін профильді мемлекеттік органдар тарифтер мен бензин бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне елеулі үлес қоспауы үшін шаралар қабылдауы қажет.
Премьер тауар нарықтарындағы жағдайға да тоқталды. Ол азық-түлік, отын, көлік және коммуналдық қызметтер салаларында жүйелі демонополизация жүргізу және антимонополиялық бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
"Ұлттық экономика, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне тарифтер мен бензин бағасына қатысты мораторийдің аяқталуына байланысты олардың жалпы инфляция деңгейіне елеулі үлес қосуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдау қажет", — деді Үкімет басшысы.
Осыған байланысты Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, нарықтарды демонополизациялау және бақылауды күшейту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Мораторий туралы 2025 жылғы қазанда Қазақстанда жанар-жағармай материалдары бағасының өсуіне уақытша мораторий енгізілді.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, мораторийдің негізгі қағидаты — АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек бағасын әрбір жанармай құю станциясы желісінде 2025 жылғы 16 қазандағы деңгейде бекіту болды. Бұл ретте ел бойынша біріңғай шекті баға белгіленген жоқ.
Нәтижесінде ірі жанармай құю станциялары желілерінде баға дәлізі қалыптасты:
- АИ-92 — литріне 213-тен 239 теңгеге дейін;
- дизель отыны — литріне 317-ден 337 теңгеге дейін.
Ведомство мораторий енгізу туралы шешім Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп қабылданғанын хабарлады. Нарық қатысушыларына бағаның одан әрі өсуіне жол берілмейтіні туралы Үкіметтің ұстанымы жеткізілді. Мораторийдің сақталуын бақылау Энергетика министрлігіне, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтарға және нарық қатысушыларына жүктелді.
Сарапшылардың айтуынша, АИ-92 бензині қазақстандықтардың басым бөлігі үшін негізгі отын түрі болып қала береді, өйткені елдің автопаркі едәуір дәрежеде осы маркаға есептелген көліктерден тұрады. Сондықтан оның құнының кез келген өзгерісі өмір сүру деңгейі мен инфляцияға тікелей әсер етеді.


