Шымкентте құтқарушылар көпқабатты үйдегі өртті дер кезінде сөндірді


Кеше «101» қызметіне Шымкент қаласы, Абай ауданы, Шымсити шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары жедел жіберілді.
Өрт шыққан пәтерде қыз бала болған. Ол қылтимадағы жалынды көріп, шұғыл сыртқа шығып, айналадағы адамдардан көмек сұраған. Сол сәтте үйге жақын маңдағы мектептегі сайлау учаскесінде кезекшілікте тұрған №1 және №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, азаматтық қорғау кіші сержанттары Рахымжан Еркінұлы және Орынбасар Жетпісбаев қыз баланың даусын ести сала оқиға орнына жедел жетті.
Қалың түтінге толы пәтерге кіру мүмкін болмағандықтан, Р. Еркінұлы О. Жетпісбаевтың көмегімен 16-шы қабаттан 15-ші қабатқа қауіпсіз түрде түсіп, өрт сөндіргіш құралдың көмегімен жанып жатқан үй заттарын тиімді түрде сөндірді. Осы уақытта О. Жетпісбаев 15-ші қабаттағы көршілес пәтерлерде барлау жұмыстарын жүргізіп, түтінге толған пәтерлерден әйел кісі мен қыз баланы қауіпсіз жерге шығарды.
Көп ұзамай қосымша күштер мен құралдар жетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды орындады.
Екі қызметкердің батыл әрі жедел әрекеті, сондай-ақ қосымша бөлімшелердің кәсіби жұмысы арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ.
@emergovkz / t.me / insta / tiktok / youtubе


