Қарағанды облысында жолдарда ауқымды рейдтер өтіп жатыр: екі күнде 19 мас жүргізуші ұсталды

Қарағанды облысында жолдарда ауқымды рейдтер өтіп жатыр. Екі күн ішінде полицейлер 19 мас жүргізушіні ұстады, сондай-ақ жалған нөмірмен жүрген және өз қолымен жасалған пышағы бар бір жүргізуші анықталды.
Не болды Өңірге Астана мен Ақмола облысынан полицейлер келді. Олар жергілікті патрульдік қызметпен бірлесіп көшелерде ауқымды рейдтер жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар атқаруда.

Екі күн ішінде полицейлер жүздеген автокөлікті тоқтатып, тексерген.
Қарағанды облысы ПД бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, екі күнде өңірде алкогольдік мас күйде болған 19 жүргізуші ұсталған. Сонымен қатар 32 жастағы Nissan жүргізушісіне қатысты жалған мемлекеттік нөмірмен жүргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Оның жанынан қолдан жасалған пышақ та тәркіленген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Осы уақытта Қарағанды қаласының 22 жастағы тұрғыны өзінің Volkswagen Passat көлігіне патрульдік машиналардағыдай стробоскоп орнатқан. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, автокөлік коммуналдық тұраққа жіберілді.
Өңірлік полицияның мәліметінше, нөмірсіз 65 автокөлік және сақтандырусыз 115 автокөлік анықталған. Сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанымен, қайтадан рөлге отырған жүргізушілер де ұсталды.
Еске салайық, өңіраралық күшейту тәжірибесі алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін қарағандылық полицейлер Алматыда осындай рейдтерге қатысқан.


