Талғат Ластаев әуе кемесінде музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелеріне өзгеріс енгізілетінін айтты

Сенат кулуарында көлік вице-министрі Талғат Ластаев жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілетін өзгерістер туралы айтты. Өзгерістер әуе кемесінің бортында музыкалық аспаптарды тасымалдау, соның ішінде домбыраны алып жүру мәселесіне қатысты.
Ластаевтың сөзінше, Азаматтық авиация комитетіне музыкалық аспаптарды тасымалдауды заңнамалық тұрғыда реттеу міндеті қойылған. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жақын уақытта жолаушыларды, жүктi және багажды тасымалдау қағидаларына тиісті түзетулер енгізіледі.
"Менің ойымша, жақын уақытта біз жолаушыларды, жүктi және багажды тасымалдау қағидаларына тиісті өзгерістер енгіземіз, процедура нақты әрі түсінікті болуы үшін. Нақтырақ айтсам, бір айдың ішінде шешім қабылданады. Бұл ереже барлық компанияларға қолданылады", — деп жауап берді министр.
Ластаев қазіргі уақытта аспаптардың тізімі мен олардың параметрлері талқыланып жатқанын қосты.
"Адам музыкалық аспапты қалай дұрыс әрі еш қиындықсыз тасымалдау керегін түсінуі үшін нақты ережелер болуы тиіс", — деді ол.
Егер өзгерістер қабылданса, қазақстандықтар музыкалық аспаптарды әуе кемесінің бортында мамыр айынан бастап тасымалдай алады.
Еске салайық, 2024 жылғы наурызда Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ұшу кезінде қиындыққа тап болған. Оған домбыраны тасымалдау үшін жеке орын сатып алуға тура келген. Оқиғадан кейін Air Astana вице-президенті қазақстандықтарға музыкалық аспаптар үшін бөлек әуе билетін сатып алу қажет пе деген мәселеге қатысты пікір білдірген болатын.


