Қазақстанда ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр

Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа әдістеме мемлекеттік органдардың қарауына енгізілген, ал сарапшылар оның дұрыс қалыптастырылғанын тексеріп жатыр.
"Әдістеме ХЕҰ Конвенциясына негізделген. Есептеу еңбек өнімділігін және медиандық жалақыны ескереді. Формуланы мемлекеттік органдардың — Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгіздік. Талқылау жүріп жатыр. Жалпы әдістеме жұмыс істей бастауы керек. Ойлаймын, осы жылдың соңына дейін соның аясында бір шешімге келеміз", — деді Асқарбек Ертаев.
Министр қазіргі уақытта формуланың дұрыс қалыптасуын тексеру үшін сарапшылар тартылып жатқанын атап өтті.
Жаңа әдістеме қашан қолданылады Министрдің сөзінше, формуласы бар әдістеме дайын, ал оны қолдану мерзімі талқылаудың екінші кезеңі ретінде қаралады және 2027 жылдан басталуы мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қазіргі таңда ең төменгі жалақы 85 мың теңге екенін айтты.
"Егер оны, мысалы, 95 мың теңгеге дейін көтерсе, барлық есептеулер осы сомадан коэффициенттерді — еңбек өтілін, лауазымды, атқаратын функцияларды қолдана отырып басталады. Бұл бюджет қызметкерлері мен жеке сектордың жалақысына қатысты", — деді Ертаев.
Анықтама: Қазақстандағы медиандық жалақы — 312 мың теңге, ал орташа айлық — 417 мың теңге. Ең төменгі жалақы еңбекақыны есептеудің базасы болып саналады және оның деңгейіне кейінгі барлық есептеулер тәуелді.
Еске салайық, 2025 жылғы қарашада премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қарастырылатынын хабарлаған.
Бұған дейін Қазақстанда ЕТЖ-ны жаңа тәсілмен есептейтіні айтылған. Қазан айының басында Сенат ең төменгі жалақы туралы Конвенцияны мақұлдады, онда дамушы елдердің ерекшеліктері ескерілген. Енді ЕТЖ есептеу кезінде мемлекет экономикалық жағдайды және қызметкерлердің нақты қажеттіліктерін назарға алуға міндетті болады.


